Жеңіс күні: «Ертіс» павлодарлықтарға тарту жасады
Сергей Якушиннің ойыншылары өскемендік «Алтай» жастар командасымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл мерекеде Орталық стадионға көптеген футбол жанкүйерлері жиналды: трибунада екі мыңға жуық жанкүйер болды. «Ертіс» бірден қонақтар қақпасын қоршауға кірісті. Павлодарлықтар алға қойған мақсатына тез жете білді. 14-минутта Мейрамбек Еренғайып ойын есебін ашты.
Алғышқы голдан кейін «Ертіс» кері шегініп, бастаманы қонақтарға берді. Олар ойынды жақсарту үшін барын салды. Екінші таймның басында өскемендіктердің үш рет қатарынан есепті теңестіруге 100 пайыздық мүмкіндіктері болғанымен, қақпашы Қанат Баязит пен қорғаушылар алма-кезек допқа тосқауыл болды.
«Ертіс» кездесу соңында ғана басымдылығын арттыра алды. Руслан Есімов айласын асыра қарсыластардың қақпасына қатарынан екі гол салды. Ойын 3:0 есебімен аяқталды
Ақсулықтар да Екінші лиганың бесінші турында өнер көрсетті. Рахман Асухановтың шәкірттері Қостанайда «Тобыл М» командасын қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.