«Батыр» соңына дейін алысып, «Тұраннан» 2:4 есебімен жеңілді

«Батыр» соңына дейін алысып, «Тұраннан» 2:4 есебімен жеңілді
Фото: «Тұран» ФК

Қазақстан Бірінші лигасының 20-турында Екібастұздың «Батыры» мен Түркістанның «Тұраны» арасындағы тартысты кездесу Ақсу қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бастапқыда ойын Екібастұзда өтуі тиіс болған, алайда қалада ММА турнирінің ұйымдастырылуына байланысты матч «Достық» стадионына ауыстырылды.

Чемпионат көшбасшыларының бірі «Тұран» биыл Премьер-лигаға көтерілуді көздеп отыр. Түркістандықтардың құрамы да жоғары дивизионға лайықталған. Команда сапында Думан Нарзилдаев, Карам Султанов, Руслан Валиуллин секілді тәжірибелі шеберлер бар. Сондай-ақ павлодарлық футбол мектебінің өкілдері де «Тұранның» құрамынан аз емес.

Сондықтан кездесудің фавориті түркістандықтар болғаны түсінікті еді. Дегенмен Виталий Спарышев шәкірттері мықты қарсыласына лайықты қарсылық көрсетті. Ойынның алғашқы минуттарында «Тұран» тізгінді бірден қолға алып, шабуылды үдетті. Көп ұзамай қонақтар есеп ашып, өздерінің басымдығын голмен бекітті. Бірақ «Батыр» қорғанысқа тығылып қалған жоқ. Екібастұздықтар да шабуылға шығып, қауіпті сәттер ұйымдастырды.

Әсіресе Назар Аль-Хадж пен Алиби Мухиттің есепті теңестіруге мүмкіндіктері болды. Алайда алғашқы таймда алаң иелеріне дәлдік жетіспеді. Екінші таймда ойынның сипаты күрт өзгерді. «Тұран» біраз шегініп, бастаманы номиналды алаң иелеріне берді. «Батыр» бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланды. Алиби Мухит қарсылас қақпашысын қапы қалдырып, допты алыс бұрышқа технично бағыттап, есепті теңестірді.

Голдан кейін «Тұран» бірден қарқынын арттырды. Түркістандықтар форсаж қосып, көп ұзамай есепті қайтадан өз пайдасына өзгертті. Бірақ қонақтардың қуанышы ұзаққа созылмады. «Батыр» футболшылары қарсыластың босаңсуын тағы да жазалады. Назар Аль-Хадж әуедегі тартыста бәрінен биік секіріп, баспен соққы жасап, допты қақпа торына дарытты — 2:2.

Осыдан кейін алаңда нағыз тартыс басталды. Командалар шабуылды алма-кезек ұйымдастырып, ойын қарсы шабуылдарға ұласты. Дегенмен кездесу соңына қарай тәжірибесі мен шеберлігі басым «Тұран» өз сөзін айтты. Қонақтар шаршаған әрі тәжірибесі аздау «Батыр» қорғанысын қысымға алып, соңғы минуттарда қатарынан екі гол соқты. Осылайша түркістандықтар 4:2 есебімен жеңіске жетті.

«Батыр» фаворитке қарсы барын салып, өз мүмкіндігін көрсетті. Алайда екібастұздықтар үшін тағы да көңіл көншітпейтін жайт — матч соңында ұпайдан айырылуы. Ал «Тұран» Премьер-лигаға қарай кезекті маңызды қадамын жасады. Қорытынды есеп: «Батыр» — «Тұран» 2:4.