Павлодар халықаралық волонтерлердің бас қосу алаңына айналады
23-25 шілде аралығында өңірде қолжетімді және инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі халықаралық волонтерлер форумы өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы істері бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, аталған іс-шара Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылып, үш күндік мазмұнды бағдарлама бойынша жүзеге асырылады.
Форумға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен келген белсенді волонтерлерден құралған халықаралық делегациялар қатысады. Сонымен қатар, Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген белсенді волонтерлер бас қосады. Оларға Павлодар облысының волонтерлік ұйымдарының өкілдері мен еріктілері қосылады.
– 23 шілде күні форумның ресми ашылуы Павлодар облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтеді. Бағдарлама аясында екі панельдік сессия ұйымдастырылып, халықаралық және өңірлік делегациялар өздерінің үздік тәжірибелері мен жобаларын таныстырады, волонтерлік қызметті дамыту бағытындағы бастамаларын ұсынады, – дейді Жаннұр Ахметжанова.
Панельдік сессиялардан кейін қатысушылар үш түрлі локацияда ұйымдастырылатын шеберлік сабақтарына қатысады. Атап айтқанда, облыстық балаларды оңалтуға арналған инклюзивті орталықта инклюзивті қызмет көрсету тәжірибесі таныстырылады, ардагерлер үйінде әлеуметтік волонтерлік бағыттағы жұмыстар көрсетіледі, орталық жағажайда төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша тәжірибелік шеберлік сабағы өтеді. Бұл алаңды Қазақстан Қызыл Ай қоғамының Павлодар облыстық филиалы мен еріктілері ұйымдастырады.
– 24 шілде күні форум қатысушылары Баянауыл ауданына іссапармен барады. Форумның екінші жұмыс күні табиғи ортада өтіп, экологиялық тимбилдинг, танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Бағдарлама қатысушылар арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған, – деді бөлім басшысы.
25 шілде күні форумның қорытынды шаралары Павлодар қаласындағы Достық үйінде өтеді. Алдымен Павлодар өңіріндегі волонтерлік ұйымдардың қатысуымен волонтерлік қызметтің дамуына арналған көрме-презентация ұйымдастырылады. Кейін Достық үйінің акт залында пленарлық отырыс өтіп, үш күндік форумның қорытындылары шығарылып, қатысушылар пікір алмасады, жаңа бастамалар мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылайды.
Сонымен қатар, форумның жабылуы Қала күні мерекесі аясында ұйымдастырылатын мәдени бағдарламамен ұштасады. Шетелдік және өңірлік делегациялар Ертіс Promenade сахнасында өтетін мерекелік концертті тамашалайды.
Қазіргі уақытта форумға дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Іс-шараны ұйымдастыруға мемлекеттік органдармен қатар өңірдегі волонтерлік ұйымдар мен еріктілер белсенді түрде атсалысып жатыр.