Павлодар облысы ауылға барған дәрігерлерге ең жоғары көтермеақы беретін ТОП-5 өңірге енді
Өңірде ауыл медицинасының әлеуетін күшейтуге басымдық берілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы медицина кадрларын қолдау бойынша Павлодар облысы еліміздегі ең белсенді өңірлердің қатарында аталды. Ауылдық жерлерге дәрігер тарту мақсатында өңірде әлеуметтік төлемдер мөлшері 8,5 млн теңгеге дейін жетіп, бұл көрсеткіш Павлодарды республикадағы үздік бес өңірдің қатарына енгізді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кадр тапшылығы ең жоғары сезілетін аймақтарда ынталандыру шаралары ауқымды түрде жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде Павлодар облысы ауыл медицинасының әлеуетін күшейтуге басымдық беруде.
2025 жылдың 10 айындағы негізгі нәтижелерге сүйенсек, 1326 дәрігер әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды, оның 801-і ауылдық жерлерде жұмыс істеп жүр. 417 жас маман жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден еңбек жолын бастаған. 287 дәрігерге республикалық бюджет есебінен көтермеақы төленді. 866 маман жергілікті бюджеттен қолдау алды, оның ішінде 248-і – аса тапшы мамандық иелері.106 дәрігер медициналық ұйымдар қаражаты есебінен ынталандыруға ие болса, 571 медицина қызметкері баспанамен қамтамасыз етілді. 116 маман қосымша әлеуметтік қолдау алған.
– Дәрігерлердің өмір сүру жағдайын жақсарту мен олардың еңбегін бағалау – ауылдық медицина мен алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайтудың басты факторы, – деді Денсаулық сақтау министрлігінде.
Павлодар облысында ауылға баратын дәрігерлерге ұсынылатын жоғары көтермеақы өңірдегі кадрлық тұрақтылықты сақтауға айтарлықтай әсер етуде. Әлеуметтік қолдаудың күшеюі ауыл тұрғындарына қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.