Павлодарда салмағы бір келі сәбидің жүрегіне бірегей ота жасалды

Павлодарда салмағы бір келі сәбидің жүрегіне бірегей ота жасалды
Фото: Павлодар облыстық ДСБ

Ота сәтті өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық перинаталдық орталықтың жаңа туған сәбилердің жансақтау дәрігері Ксения Шкретованың айтуынша, бұл – соңғы бес жылдағы ең кішкентай науқас. Қыз бала 2022 жылы 30 қаңтарда дүниеге келген.  Отбасындағы үшінші бала.  

– Сәби дүниеге келген кезде 24-ші аптада 660 грамм болған. 60 күн жансақтау бөлімінде жатты. Ота жасалған кезде салмағы бір келі тартқан. Ашық жүрекке клепирование әдісі арқылы ота жасалды. Қазіргі таңда сәби салмақ қосып  келеді. 28 наурызда Астана қаласынан шақырылған кардиохирург артериялық түтікке ота жасады, – дейді Ксения Шкретова.

Ақ желеңдінің айтуынша, мерзімі жетіліп туған сәбиде артериялық түтігі алғашқы үш күнде немесе бір айда  жабылуы мүмкін. Ал шала туған сәбиде физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты солай қала береді. Соның салдарынан баланың тыныс алуы қиындап, өкпеге шамадан тыс қан келеді. Кейбір балаларда түтіктер консервативті әдіспен жабылады. Дегенмен жылына ота жасау талап етілетін бірнеше жағдай болады. 

– Бұл ретте, отаның басты ерекшелігі – баланың салмағына байланысты. Анестезиолог пен ассистент біздің кардиоорталықтан болды. Ота бір сағаттай жасалды. Бүгінгі күні бала жасанды желдету аппаратына қосылған. Оны алып тастау үшін біраз уақыт керек. Әлі ұзақ күтімді қажет етеді. Болашақта жағдайы оңалып, аппаратсыз өздігінен демалады деген үміттеміз, – дейді Ксения Шкретова.

Қазіргі таңда  кішкентай науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады және бөлімшеде ем алуды жалғастыруда. 

Айта кетерлігі, клепирование – егер таңу мүмкін болмағанда тамырдан қан кетуді біржола тоқтатуға бағытталған хирургиялық араласу.