Екібастұздағы мәйітхана ғимараты жөнделді

Екібастұздағы мәйітхана ғимараты жөнделді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алдағы уақытта нысанның қасбетін жаңартып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен қалалық мәйітхана ғимаратына ішінара жөндеу жүргізілді. Жоспарланған жұмыстар толық аяқталып, қызметкерлердің еңбек жағдайы айтарлықтай жақсарды.

Алдағы уақытта ғимараттың қасбетін жөндеу және мәйітхананы қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет.

Қаладағы медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Бұған дейін қалалық аурухананың жекелеген корпустары, оның ішінде гинекология және инфекциялық бөлімшелер реконструкцияланған. Дегенмен аурухана кешені әлі де ауқымды жаңғыртуды қажет етеді.

– Облыс әкімі Асайын Байханов аурухана кешенін кезең-кезеңімен жаңғырту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Қазір қалалық аурухана басшылығымен және денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, бюджетті алдағы қорғауға тиісті ұсыныстарды дайындап жатырмыз, – деді Аян Бейсекин.

Қажетті жұмыстардың көлеміне байланысты аурухана кешенін жаңғыртуға арналған екі-үш жылдық кешенді бағдарлама әзірлеу және бекіту қажет.

Соңғы жылдары Екібастұздың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қомақты қаражат бағытталған. Қала әкімі қалған жұмыстар басымдығына және бюджеттің қаржылық мүмкіндіктеріне қарай кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді.