Павлодар облысында үш ауданның тұрғындары алғаш рет әкімдерді өздері таңдайды
Әзірге партия тарапынан ұсынылған кандидаттар жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Аманжолова мәлім етті.
– Бұл тарихи оқиға депа те айтуға болады. Әрине, бұған дейін ауылдың әкімін халық өзі сайлаған болатын. Алайда, бұған дейін тұрғындар аудан әкімдерін сайлаған емес. Бұл сайлау сонысымен ерекшеленеді. Алдағы уақытта Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандарының әкімдері сайланбақ, – дейді Гүлнәр Аманжолова.
Спикердің айтуынша, әзірге партия тарапынан ұсынылған кандидаттар жоқ. Бүгінде үш ауданда сайлау өткізу үшін мемлекет тарапынан 120 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Сондай-ақ, өзін үміткерлікке берген әрбір кандидаттқа 500 мың теңге бөлінбек. Дегенмен үміткерлер сайлауға қатысу үшін 350 мың теңге төлеуі қажет. Үміткер берілген дауыстардың 5 пайызынан төмен жинаған жағдайда бұл қаражат қайтарылмайды.
Үш аудандағы сайлаушылардың саны – 32 мың адамнан астам. Сайлау кампаниясын дайындауға және өткізуге 91 сайлау комиссиясы, оның ішінде, жалпы саны 479 адамнан тұратын төрт аумақтық, 87 учаскелік комиссия тартылды. Дауыс беру 87 сайлау учаскесінде жүреді.