Павлодарда заңсыз айналымнан алынған есірткі отқа жағылды

Павлодарда заңсыз айналымнан алынған есірткі отқа жағылды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Жойылған заттар 240 мың дозаға тең, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер ретінде алынған есірткі құралдарын жою бойынша іс-шаралар жүргізді.

Арнайы комиссияның қатысуымен барлық шараларды сақтай отырып, 59,7 келіден астам «героин» есірткі заты және 7,8 келі «гашиш» отқа жағылды. 

– Есірткі құралдары да, оларды дайындауға арналған құрылғылар да жойылуға жатады. Биыл есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерімен опиаттар мен психоактивті заттардың заңсыз айналымы саласында қылмыстар анықталып, жолы кесілді. Сондай-ақ нашақорлық пен есірткінің таралуының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дейді департаментте. 

Облыста 164 есірткі қылмысы анықталды, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар 39 адам ұсталған. Сотқа 119 қылмыстық іс жіберілді. Заңсыз айналымнан 420 келіден астам тыйым салынған заттар тәркіленді, оның ішінде 358 келісі – каннабис тектес есірткі және 6,4 келісі – психоактивті заттар. 

– Тіркелген қылмыстардың 30%-дан астамы Павлодар және Екібастұз қалаларына тиесілі. Әдетте бұл іске қатысушылар – мұндай әрекеттерді алғаш рет жасаған 18-22 жас аралығындағы жастар, –  дейді департаментте.  

Полиция департаменті егер есірткінің заңсыз айналымына байланысты заңсыз әрекеттер туралы ақпарат болса, «Police 102» мобильді қосымшасы, 8 (7182) 39-10-38 немесе 102 сенім телефоны арқылы хабарлауға болатынын еске салады.