Павлодар облыстық перинаталдық орталығы жанында пансионат ашылады
Пансионат жүктілігі күрделі әйелдерге арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық перинаталдық орталық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында реновация кезеңінен өтіп жатыр. Бұл туралы орталықтың бас дәрігері Гүлнар Бұратаева мәлім етті.
Оның айтуынша, желтоқсан айының ортасында жүкті әйелдерге арналған «Сау ана» пансионаты ашылады. Жаңа нысан ең алдымен шалғай аудандардан келетін, жүктілігі күрделі және медициналық бақылауды қажет ететін әйелдерге арналған.
– Егер жүкті әйелдің Павлодарда тұратын жері болмаса, жүктілігі қиын өтіп жатса, бізге жақын жерде болуы өте маңызды. Пансионатта әйелдер толықтай тегін тұрады және біздің бақылауымызда болады, – деді Гүлнар Бұратаева.
Арнайы пансионат перинаталдық орталыққа жақын орналасқан бөлек ғимаратта ашылмақ. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысанда тәулік бойы кезекшілік ететін орта медициналық қызметкер болады. Алғашқы кезеңде пансионат жылына шамамен 50 әйелді қабылдауға есептелген. Қажеттілік артса, кеңейту жоспарда бар.
– Бұл бастама әсіресе плацентаның алдын орналасуы, жатыр тыртықтары бар секілді жоғары қауіп топтарыдағы әйелдеге үлкен көмек көрсетеді, әйелдер дейді бас дәрігер.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары орталықта бірқатар маңызды бөлімдер жұмысын бастады. Реновация аясында әйелдер консультациясы ашылды. Оның құрамында перинаталдық диагностика орталығы жұмыс істейді. Жүкті әйелдер барлық тексеруден бір күнде өте алатын бір күндік клиника енгізілді. Сондай-ақ, жаңа туған нәрестелерге арналған нейрохирургиялық төсек-орындар ашылды.10 ай ішінде салмағы өте төмен нәрестелерге қоса алғанда 32 операция жасалған.
Орталық перинаталдық көмектің сапасын арттыру үшін құжаттамалық және инфрақұрылымдық жаңартуларды жалғастырып жатыр.
Бұл ретте, келесі жылы орталықта госпитальдық фармация бөлімшесі ашылады. Бұл дәрі-дәрмектерді орталықтандырылған түрде дәл есептеуге мүмкіндік береді, әсіресе жаңа туған нәрестелер үшін аса маңызды.
Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша 10 айда 6976 нәресте дүниеге келді.