Павлодар облысында ауруханалардың қарызы күннен-күнге артып келеді
Бүгінде өңірдегі медицина ұйымдарының кредиторлық берешегі 3 млрд теңгеге жуықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұған медициналық ұйымдардың толық қаржыландырылмай отырғаны себеп. Сенатор Ернұр Әйткенов аталған мәселені өзінің депутаттық сауалында көтеріп, мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің араласуынсыз шешілмейтінін атап өтті.
Сенатордың айтуынша, стационарлық көмек көрсететін медицина ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақы қорының орташа өсімі 21-ден 25 пайызға дейін болса, базалық тариф орта есеппен 11,4 пайызға ғана көтерілген.
- 2023 жылға арналған қаржыландыруға талдау жасалып, бөлінген қаражаттың тек жылдық жалақының 100 пайызына жететінін көрсетті. Өзге шығындар, яғни коммуналдық төлемдер, байланыс қызметтері, басқа да сатып алулар мен қызметтер жеткіліксіз қаржыландырылған, - деді Ернұр Әйткенов.
Сонымен қатар, депутат Павлодар облысындағы медициналық ұйымдардың былтырдан бастап кредиторлық берешегі артқанын сөз етті.
- Павлодар облысында халыққа стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар үшін нақты көрсетілген медициналық қызметтерді жеткіліксіз қаржыландыруға байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Нәтижесінде биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша медицина ұйымдарының кредиторлық берешегі 2 млрд 825,5 млн теңгені құрады, - деді сенатор Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған сауалында.
Осыған орай, депутат Денсаулық сақтау министріне жыл сайынғы жалақының өсуін, коммуналдық төлемдердің, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің, басқа да қызметтердің инфляциясын ескере отырып, тарифтерді қайта қарауды, сондай-ақ жалақысы аз өңірлерге түзету коэффициенттерін қолдануды ұсынды.