Павлодар облысында бес мыңнан астам түлек «Ақ бантик» әнін шырқады
Челлендж өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан кең қолдау тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне қолдау көрсету мақсатында ерекше челлендж ұйымдастырылды. Игі шара облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенованың бастамасымен жүзеге асып, өңірдің барлық қалалары мен аудандық білім бөлімдері тарапынан кең қолдау тапты.
Дәстүр мен өнерді ұлықтаған тағылымды жоба аясында Павлодар облысының 5 мыңнан астам мектеп түлегі биылғы қоштасу кештерін ерекше форматта өткізіп, жүректерге жылы әсер сыйлаған рухани шараға үн қосты.

Жас түлектер қазақ руханиятының көрнекті өкілі Мұхтар Шахановтың сөзіне, әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әуеніне жазылған «Ақ бантик» әнін бір мезетте қосылып орындап, ерекше рухани атмосфера қалыптастырды.
Мыңдаған жастың әуелете шырқаған әні мектеппен қоштасқан қимас сәттердің, балалық шақтың тәтті естеліктерінің, ұстазға деген шынайы алғыстың және болашаққа деген сенімнің символына айналды. Бұл бастама ұлттық өнер мен мәдени мұраға деген құрметті дәріптеп қана қоймай, жас буынның туған елге, дәстүрге және рухани құндылықтарға деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті.
— Бұл челленджге қатысу мен үшін өте жарқын әрі есте қаларлық оқиға болды. Әсіресе, дәл Екібастұз түлектерінің облыс бойынша осындай ауқымды жобаны алғаш болып бастағанын сезіну ерекше қуаныш сыйлады. 500-ден астам оқушының бір мезетте қосылып ән орындауы сол сәтте шынайы бірлікті, қолдауды және ерекше рухани атмосфераны сезіндірді. «Ақ бантик» әні мектеп жылдарын, достықты, сүйікті ұстаздарды және уақыттың қалай тез өткенін қайта еске салды. Осындай сәттер әр түлектің жүрегінде өмір бойы сақталатынына сенемін, — дейді түлек Илья Галутва.
Ал Көккөзова Меруерт болса дәл осы «Ақ бантик» әнін үлкен сахнада орындауды бұрыннан арман еткенін айтады.
— Мен мектеп бітірген кезде дәл осы «Ақ бантик» әнін үлкен сахнада орындасам деп армандайтынмын. Сол арманымның орындалуы мен үшін ерекше сезім болды. Бір сәтте бәріміздің көңіліміз толқып, мектеппен қоштасып жатқанымыз анық сезілді. Бұл ән маған балалық шағымды, сыныптастарымды, қоңырау үнін, мектептегі ең бақытты күндерді еске түсірді. Осындай әсерлі челлендждің қатысушысы болғаныма өте қуаныштымын, — деді ол.
Бір әнге бірігіп, бір сезімді бөліскен мыңдаған түлек сол сәтте мектеппен ғана қоштасқан жоқ. Олар ұлттық өнер мен руханиятқа деген терең құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының және туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсетті.