Баянауыл ауданында туризм саласына үш миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді
Бұл қаражат бес жобаны құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданында аудан прокурорымен бірлесіп ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларымен 2024-2025 жылдарға арналған инвестициялық жобалар бойынша жиын өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы арнайы шақыртылды.
Туризм саласы бойынша 2 миллиард 920 миллион теңгеге 5 жоба бар. Жобалар толығымен жүзеге асырылғанда 26 адам жұмыспен қамтылады. Туризм саласындағы жобалар екі қабатты демалыс үйлері мен жол бойындағы тамақтану орындарына қатысты.
– Бұл нысандардың барлығын жіті қадағалап, қазіргі жағдайын назарда ұстауды орынбасарыма тікелей тапсырдым, – дейді аудан әкімі Ардақ Кісентаев.
Сонымен қатар, Жасыбай демалыс аймағында салынып жатқан үй құжаттарының заңнамаға сәйкестігін бақылау қолға алынбақ. Аталмыш мәселе бойынша мониторинг жүргізіп, жұмыс атқару құзырлы органдарға тапсырылды.
Одан бөлек, ауылдық округ әкімдері мен туризм бөлімі мен ауылшаруашылығы бөліміне инвестор тарту жұмыстарын қарқынды жүргізу бойынша тапсырма берілді.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2024-2025 жылға үш жоба нақтыланды.