«Екібастұз» еліміздің рухани астанасында жанкүйерлерінің рухын көтерді
Кеншілер турнир кестесіндегі бірінші орынды қайтарып алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Футболдан Қазақстанның Бірінші лигасының кезекті турында «Екібастұз» сырт алаңда «Түркістанға» қарсы ойнады. Матч Қазақстанның рухани астанасы – Түркістан шаһарының Октябрь Жарылқапов атындағы стадионында өтті.
Кездесудің басында алаң иелері бірнеше ұрымтал сәттерге ие болғанымен, бірте-бірте екібастұздықтардың шеберлік деңгейінің жоғарылығы анық көріне бастады. Анатолий Красотин тамаша ойын көрсетті. Таймның соңына қарай Тамерлан Ағыманов, Мирас Тұрлыбек пен Анатолий Красотин Константин Горизановты қақпашымен бетпе-бет шығарды. Шабуылшы қорғаушылармен күресте жасыл алаңға құлады – пенальти. Айып соққысын Анатолий Красотин салқынқандылықпен орындады.
«Екібастұз» ойын тізгінін уысынан жібермеді. 72-минутта тағы да сол Анатолий Красотин қақпашымен көзбе-көз шығып, оны алдап өтіп, жеке дара гол соғудың орнына әріптесі Мирас Тұрлыбекке пас шығарды. Шабуылшы досының сыйлығын пайдаға асырды – 2:0. Матчтағы нүктені Диас Өмірзақ қойды.
Нәтижесінде «Екібастұз» 3:0 есебімен жеңіске жетіп, 12 ұпай жинады. Арқасында команда Бірінші лиганың көшін бастады. Алайда екінші орында келе жатқан «Каспийдің» бір-ақ ұпайы кем, оның үстіне екі ойыны кем.
16 мамырда Виталий Спарышев командасы өз алаңында чемпионаттың аутсайдері – өскемендік «Алтайды» қабылдайды.