Павлодар облысында гонконг тұмауы таралуда
Бүгінде вирустың расталған тоғыз жағдайы анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биылғы эпидемиялық маусымының басынан бастап облыста А(H3N2) типті тұмаудың, яғни гонконг вирусының тоғыз жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 5, ересектер арасында – 4 жағдай. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
– Павлодар облысы аумағындағы вирусологиялық зертханаларда ПТР әдісімен жүргізілген зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша 294 зерттелген үлгінің тоғызында гонконг тұмау вирусының оң нәтижесі анықталды, – деді департаментте.
Гонконг тұмауы – бұл алғаш рет 1968 жылы Гонконгта анықталған және пандемия тудырған «А» (H3N2) типті тұмау. Өңірде бұл вирус 2023–2024 жылдардағы эпидемиялық маусымда болған, сол кезде облыс тұрғындары арасында 63 жағдай тіркелді.
– Тұмаудың белгілеріне дене қызуының күрт 39-40 градусқа дейін көтерілуі, құрғақ жөтел, бас, бұлшықет ауыруы, буындардың сырқырауы, әлсіздік, көзден жас ағу, мұрынның жеңіл бітелуі жатады. Көбінесе бұл вирустық инфекциялар қауіп тобына кіретін адамдарға қатты әсер етеді: қарттар, кішкентай балалар (әсіресе 5 жасқа дейінгілер), жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар. Дегенмен, жасы мен жынысына қарамастан кез келген адам ЖРВИ мен тұмаумен ауыруы мүмкін, – деді эпидемиологтар.
Дәрігерлер ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиялық маусым жаңа ғана басталғандықтан ауру жағдайларының тіркелуі маусым бойы жалғасатынын ескертеді.
Вакцинациядан басқа, аурудың алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын сақтау маңызды. Суық тию маусымында жаппай іс-шараларға бармау, қоғамдық орындарға барғанда, әсіресе медицина мекемелерінде бір реттік медициналық бетперде тағу, суық тиген адамдармен қарым-қатынастан аулақ болу, дене шынықтырумен айналысу, шынығу, жеткілікті ұйықтау, дұрыс тамақтану қажет.
– Егер отбасы мүшелерінің бірі ауырса, оған жеке бөлме, жеке сүлгі мен ыдыс бөлу керек. Үйді жиі желдетіп, ауаны ылғалдандырып, дымқыл тазалық жүргізу ұсынылады, – деді департаментте.
Айта кетейік, эпидемиялық маусымының басынан бастап, атап айтқанда 2 қазаннан 9 қарашаға дейін облыста жедел респираторлық вирустық инфекцияның 39 552 жағдайы, олардың ішінде 25 042 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. 2024–2025 жылғы маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,2 есе төмендеген.