Павлодарда онкологиялық науқастар мемлекеттен төлемді қалай ала алады?

Павлодарда онкологиялық науқастар мемлекеттен төлемді қалай ала алады?

Онкологиялық диагнозбен диспансерлік есепте тұрған облыс тұрғындарына біржолғы көмек көрсетіледі. Біржолғы жәрдемақы мәселесін медициналық ұйымдар емес, жергілікті мәслихаттар шешеді. Оны қалай алуға болатынын, қандай құжаттар қажет екенін @Pavlodarnews.kz тілшісіне Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Айсұлу Құсайынова айтып берді.

Төлем сомасы

Барлық сатыдағы қатерлі ісікке шалдыққан павлодарлықтарға әлеуметтік көмек жылына бір рет тағайындалады. Сомасы – 10 АЕК, немесе 36 920 теңге.

Қандай құжаттар қажет

– аутентификация үшін жеке куәліктің түпнұсқасы;

– 20 таңбалы банк шотының ашылғаны туралы хабарлама;

– облыстық онкологиялық диспансерден № О26 анықтамасы.

Консультацияны Кривенко көшесі, 25, №3 кабинетте орналасқан «Open Pavlodar» фронт-офисінде немесе  8 (7182) 32-57-80, 32-03-83 телефондары бойынша алуға болады.

Диагнозды дәрігерлік-консультациялық комиссия растайды. Құжат – № О26. Оны алу үшін Российская көшесі, 57/3 мекенжайында орналасқан онкологиялық диспансердің әлеуметтік қызметкеріне хабарласу керек.  Маман жұмыс күндері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін кезек бойынша жұмыс істейді.

Биылғы жылдың басынан бері 4200 адам әлеуметтік көмек алған, бұл – 2023 жылдың алты айымен салыстырғанда 20 пайызға артық. Алты айда облыстың 13 545 тұрғыны онкологтардың тіркеуіне алынды.