Биыл Павлодар онкодиспансерінде жүзден астам ота сәтті жасалды
Бұл медициналық мекемеде қатерлі ісіктері бар науқастарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында ем жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Онкология науқандарынан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қатерсіз ісіктері бар науқастарға да хирургиялық көмек көрсетіледі.
Пациенттер заманауи диагностикалық және емдеу әдістеріне қол жеткізе алады.
Диспансер директорының орынбасары Әсел Асқарованың айтуынша, 11 ай ішінде стационарда 109 қатерсіз ісікті алып тастау отасы сәтті жүргізілген.
– Ең жиі жасалатын операциялар – сүт безіндегі және әйелдердің репродуктивті жүйесі мүшелеріндегі қатерсіз ісіктерді жою, – деді дәрігер. – Мұндай оталар патологиялық түзілістерді дер кезінде алып тастап, асқынулардың алдын алуға және пациенттердің жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дәрігердің айтуынша, онкологиялық күдік болған жағдайда «жасыл дәліз» жұмыс істейді – онкологиялық ауру белгілері бар адамдар үшін жеделдетілген тексеру маршруты. Оның мақсаты – науқасты тез тексеріп, ауруды ерте анықтау.
Алдымен пациент алғашқы қаралу үшін кабинетке барады, содан кейін терапевт анализдер, УДЗ, рентген және басқа да тексерулерді тағайындайды. Нәтижелер онкологиялық күдік тудырса, терапевт науқасты шұғыл онкологқа жібереді. Онколог диагнозды нақтылап, қосымша тексерулер тағайындайды және қажет болған жағдайда онкодиспансерге жолдама береді.
– Онкологиялық күдік расталған жағдайда науқастар кезексіз қабылданады, – деп нақтылады Әсел Асқарова. – «Жасыл дәліз» аясындағы барлық тексерулер мүмкіндігінше жедел жүргізіледі.
Еске сала кетейік, бұрын негізінен сақтандырылған тұлғаларға ғана ұсынылатын онкоскрининг енді барлығына бірдей қолжетімді болады. Бұл норма ауруды ерте анықтау үшін енгізілуде. Бұған дейін сақтандырылмағандар үшін скринингтің тек алғашқы кезеңі ғана тегін болса, енді екінші кезең де қолжетімді. Мұндай тексеруден тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада өтуге болады.