Павлодар облысында ойын-сауық орнында жүрген жасөспірімдер анықталды

Павлодар облысында ойын-сауық орнында жүрген жасөспірімдер анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәмелетке толмағандардың аталмыш жерге кіруіне жол берген мекеме иелері де жауапсыз қалмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде және ойын-сауық орындарында жүруіне қатысты рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері осындай құқық бұзушылықтарға байланысты 2593 ата-ананы және кәмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдерін әкімшілік жауапкершілікке тартты. 

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, ювеналды полиция инспекторлары күн сайын түнгі рейдтер ұйымдастырады. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы жауапкершілікке негіз болады.

– Тіркелген құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе үйден тыс жерде ата-анасының не заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне байланысты. Мәселен, рейд барысында түнгі сағат 23:50-де қалалық дәмханалардың бірінен заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген екі жасөспірім анықталған. Сол күні кешке компьютерлік клубтан да түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген тағы екі кәмелетке толмаған бала табылды. Аталған фактілер бойынша олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, – делінген хабарламада.

Түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына кіргізіп, болуына жол бергені үшін мекеме иелері де жауапкершілікке тартылады. Осыған байланысты кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік хаттамалар жасалып, Павлодар облысының ювеналды сотына жолданған.

Тәртіп сақшылары ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде бақылаусыз жүруі олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Құқық қорғау органдары ата-аналарға балаларының қайда жүргенін қадағалап, байланыста болуға кеңес береді. Егер баланың орналасқан жері белгісіз болып, ол телефон қоңырауларына жауап бермесе, уақыт жоғалтпай, полицияға хабарласу қажет.