Баянауыл жағажайларында туристер қауіпсіздігі үшін бейнебақылау күшейтіледі

Баянауыл жағажайларында туристер қауіпсіздігі үшін бейнебақылау күшейтіледі
Фото: Константин Шелков

Асайын Байханов тиісті мамандарға нақты тапсырма берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында судағы қауіпсіздік мәселесі қаралды. Жиында Баянауыл ауданындағы жағажайларды бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету және құтқару инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.

Баянауыл ауданның әкімі Ардақ Ксентаевтың мәліметінше, Сабындыкөл жағажайында орнатылған барлық бейнекамералар аудандық полиция бөліміне қосылған және қазір толыққанды жұмыс істеп тұр.

Өз кезегінде Асайын Байханов Жасыбай көліндегі жағажайда да осындай бақылау жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.

– Жасыбай көліндегі абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін бейнекамераларды да аудандық жедел басқару орталығына қосу керек. Барлық жағажайларда қауіпсіздік жүйесі орталықтандырылған бақылауда болуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Тереңкөл ауданындағы тәжірибені үлгі ретінде көрсетіп, басқа аудандарға олар секілді жұмыс жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, әр аудан тұрғындары мен демалушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз коммуналдық жағажайлар құру қажет.

Сонымен қатар, Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінде модульдік құтқару кешенін салу жобасы жүзеге асырылуда. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, нысан іске қосылғаннан кейін қосымша құтқарушылар жұмысқа тартылып, олар заманауи құтқару құралдарымен жабдықталады.

Жаңа жобалар туристер көп келетін көлдердің қауіпсіздігін күшейтіп, жазғы демалысты тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, өңір аумағында 140-тан астам өзен мен мыңнан аса шағын көл бар. Жаз мезгілінде тұрғындардың су айдындарында демалуға сұранысы артады. 

Өткен жылы облыста суға батып кетудің 14 дерегі тіркелген. Оның екеуі – балалар. Барлық қайғылы оқиғалар шомылуға арналмаған орындарда болған.

Сонымен қатар, көлік ағынының ұлғаюына байланысты полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу және ұйымдастыру іс-шараларының кешенін жүргізуде.