Павлодарда 35 жылдық үзілістен кейін астық саласына қажетті мамандық қайта ашылды
Павлодар технологиялық колледжінің студенттері үш жыл бойы білім алып, өндірістік тәжірибеден өту арқылы агроөнеркәсіп саласына қажетті білікті маман болып қалыптасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір кәсіпорындарының кадрларға деген сұранысын ескере отырып, 2025 жылы Павлодар технологиялық колледжі мен «Жан-Дос KZ» ЖШС бірлесіп, білім ордасында «07211200 – элеватор, ұн тарту, жарма және құрама жем өндірісі» мамандығы ашылды.
– Бірлескен жоба аясында колледжде білім алушылардың кәсіби құзыреттерін саланың заманауи талаптарына сәйкес қалыптастыруға арналған арнайы зертхана құрылды. Сонымен қатар, колледжге «3W07211201 – элеватор, ұн тарту, жарма және құрама жем өндірісінің аппаратшысы» және «4S07211203 – техник-технолог» біліктіліктерін бере отырып, осы мамандық бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия алынды, – дейді арнайы пәндер оқытушысы Әсет Нұрғазинов.
Жаңа мамандықтың ашылуы және тиісті оқу-өндірістік базаның құрылуы сұранысқа ие мамандарды даярлау сапасын арттыруға, тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамытуға және білім беру бағдарламаларының жұмыс берушілердің өзекті талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Білім беру үдерісінің маңызды құрамдас бөлігі – студенттер «Жан-Дос KZ» ЖШС базасында өтетін өндірістік практика. Практикалық даярлық барысында білім алушылар кәсіпорынның өндірістік қызметін ұйымдастырумен танысады, астықты қабылдау, тазалау, сақтау және өңдеу технологиялық үдерістерін, жабдықтарды пайдалану ерекшеліктерін, сондай-ақ өнім сапасын бақылау әдістерін зерделейді.
«Жан-Дос KZ» ЖШС – Павлодар облысында орналасқан, астықты қайта өңдеп, жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны мен кебек өндіруге маманданған кәсіпорын.
Кәсіпорын директоры Жанар Серимова мамандар даярлауға арналған оқу бағдарламасын әзірлеу жұмысына өзі де тікелей қатысқан.

– Бұл бағыттағы мамандықтар бұған дейін шамамен 35 жыл бойы колледждерде оқытылмаған. Бір қыс бойы осы мәселемен айналыстық. Колледж мамандарымен бірге оқу бағдарламасын әзірледік. Бұрынғы мамандардың тәжірибесі өте маңызды. Бірақ қазіргі өндірісте жаңа технологияларды да меңгеру қажет. Сондықтан ескі тәжірибе мен жаңа технологияны қатар алып, оқу бағдарламын дайындадық, – деп атап өтті кәсіпорын басшысы.
Кәсіпорынның өндірістік базасы заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өндіріс үдерістерінде ұн тартудың автоматтандырылған жүйелері, астықты көпсатылы тазарту технологиялары және өңдеудің әртүрлі кезеңдерінде өнім сапасын бақылау жүйелері қолданылады. Қолданыстағы өндірістік технологиялармен танысу студенттерге теориялық білімдерін бекітуге, практикалық дағдыларды меңгеруге және тиісті бағыттағы мамандарға қойылатын талаптар туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Үш жылдық білім беру бағдарламасы элеватор, ұн тарту, жарма және құрама жем өндірісі салаларындағы кәсіпорындарда жұмыс істеуге қажетті кәсіби құзыреттерді кезең-кезеңімен меңгеруді көздейді. Оқу барысында студенттер өндірістің технологиялық негіздерін, бейінді жабдықтардың жұмыс істеу қағидаттарын, өндірістік үдерістерді ұйымдастыру ерекшеліктерін және дайын өнім сапасын қамтамасыз ету талаптарын зерделейді, – дейді арнайы пәндер оқытушысы Әсет Нұрғазинов.
«Жан-Дос KZ» ЖШС-мен ынтымақтастық колледждің материалдық-техникалық базасын дамытуға және білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге ықпал етеді. Кәсіпорындармен және басқа да әлеуметтік серіктестермен өзара іс-қимыл жасау оқу зертханаларын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға және білім алу жағдайларын нақты өндірістік үдерістерге жақындатуға қосымша мүмкіндіктер туғызады.
Бұл әріптестік кадрлар даярлау сапасын арттыру және студенттердің кәсіби қалыптасу мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан ерекше маңызға ие. Оқу кезеңінде жұмыс берушімен тығыз байланыс орнату нақты өндірістің талаптарын ескеруге, студенттердің практикалық тәжірибе жинақтауына және болашақ кәсіби қызметіне қажетті құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.