Петропавл тұрғындары павлодарлық колониядан көмек алды

Петропавл тұрғындары павлодарлық колониядан көмек алды
Иллюстрациялық фото: pexels.com / RDNE Stock project

Тұтқындар тапқан табыстарын соған жұмсаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Павлодардағы №45 мекемесінде қылмыс жасағаны үшін 650-ден астам сотталушы жазасын өтеуде. Олардың арасында су тасқынынан зардап шеккен жерлестеріне көмек көрсетуге бел буған Солтүстік Қазақстан облысының тумалары да бар.

– Олар жазасын өтеп жатқанына қарамастан, қиын жағдайда қалған адамдарға қолдау көрсеткісі келді, – дейді мекеме басшысы Қуаныш Қойшыбаев. – Сотталғандар ресми түрде «Еңбек-Павлодар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында жұмыс істейді.

Солтүстік Қазақстан облысының екі тумасы тапқан-таянғанын азық-түлік пен бірінші қажеттілікке жұмсаған. Петропавлға гуманитарлық жүк жөнелтілді.

ҚАЖК мәліметінше, екі сотталушы да жол-көлік оқиғасы үшін жазасын өтеп жатыр.