Павлодарда Сақ дәуіріне тиесілі құмыра музейге қойылды
Бұл көрме музей күні қарсаңында ұйымдастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде 18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай «Ғасырлар үні» атты кеш ұйымдастырылды. Кеш барысында музей қызметкерлері Назымгүл Шапағат және дәстүрлі әнші Мағжан Ысқақ, Мизан Жұмәлі, Алмас Мұқатай әсем әндерін орындады. Кешке өңірге танымал қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері және С.Торайғыров, Б.Ахметов атындағы жоғары колледж студенттері қатысты.
Сонымен қатар, музей сөрелерінде соңғы жылдары табылған құнды жәдігерлер орын алды. Бұл экспонаттардың ішінде тіпті сақ дәуіріне тиесілі жәдігер бар.
– Бұнда Жүсіпбек Аймауытовтың «Қарт қожа» романының түп нұсқасы, 1926 жылы шыққан өзінің оқыған құран кітабы бар. Сақ дәуіріне (б.з.б 7-8ғ) тиесілі көне құмыра қойылды, – дейді музей қызметкері Абзал Рымбек.
Сондай-ақ, Мәди Бәпиұлының, Сайділдә Қазіреттің оқыған құрандары, «Темірқазық», «Жас қазақ» журналдары және Ертіс ауданынан табылған Абай Құнабайдың 1909 жылы шыққан өлеңдер жинағының түп нұсқасы көрмеге қойылды. Табылған кітаптардың барлығы араб қаріпінде жазылған.
Бұдан бөлек,ұлы тұлғалардың балаларының да табылған жеке заттары бар. Мәселен, Жаяу Мұсаның қызы Аннаның жайнамазы мен Әміре Қашаубаевтың қызы Күләштің концерттік тақиясына тағатын үкісі музейден орын алған.
Айта кету керек, Александр Черкашиннің үйінен табылған Қаныш Сәтбаевтың сот болып қызмет атқарып жүргендегі баспа машинкасы табылған.
1992 жылы облыстық әдебиет және өнер музейі ашылып,1993 жылы Бұқар жырау Қалқаманұлының 325 жылдық мерей тойына орай музейге ұлы жыраудың есімі берілді. Қазіргі таңда музейде 57 мыңнан аса құнды жәдігерлер сақталуда.