Әлемнің 6 елінің ақындарының шығармалары енген антологиялық жинақ – Павлодарда
Жинаққа Орта Азияның көрнекті ақындарының шығармалары енген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Халықаралық аудармашылар күні аясында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі аудармашы, ұстаз, педагог Рауза Мұсабаевамен шығармашылық кездесу өтті.
«Аударма - әдебиет арнасы» деп аталатын келелі кездесуге жергілікті ақын-жазушылар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен кітапханашылар және шығармашылыққа бейім жалынды жастар қатысты.
Сондай-ақ кездесу барысында Орта Азияның көрінекті ақындарының шығармалары енген «Самұрық» атты II томдық антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған жинаққа қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, тәжік ақындарының неміс тіліне аударылған шығармалары және неміс қаламгерлерінің орта Азия мемлекеттерінің тілдеріне аударылған туындылары топтастырылған.
Аталған туындылардың арасында қазақ қаламгерлерінің де шығармалары бар. Жерлесіміз, баянауылдық ақын Жеңісбек Пәзілұлы Рауза Молдайқызы секілді аудармашылардың көмегімен өзге тілде жазылған өлеңдерге поэтикалық рең беріп, көркемдеген. Болашақта бұл жинақ түбі бір Түркі елдерімен Батыс Еуропаны байланыстыратын әдеби алтын көпірге айналмақ.
Әлемнің көптеген дамыған елдерінде болып, озық мемлекеттердің мәдениетімен, әдебиетімен, салт-дәстүрімен етене танысқан Рауза Мұсабаева елімізде кенжелеп қалған аударма саласы мен детектив жанрына айырықша тоқталды.
- Мен 30 жылдан астам уақыттан бері аудармамен айналысамын. Неміс тілінен көптеген шығармаларды қазақшаға тәжімаладым. Олардың ішінде романдар мен повесътер, балаларға арналған шығармалар, новеллалар мен түрлі хикаяттар және детектив жанрындағы шығармалар бар. Біз дамыған елдердің қатарына қосыламыз десек ең алдымен сол елдердің әдебиеті мен мәдениетінің жақсы тұстарын танып, білуіміз керек. Біліп қана қоймай қаламгерлердің шығармалары арқылы сол ізгі қасиеттерді бұқара халыққа насихаттауға тиістіміз,- дейді аудармашы Рауза Мұсабаева.
Батыс Еуропаның көптеген елдерінде болып, қаламгерлерімен шығармашылық байланыста жүрген Рауза Мұсабаеваның бүгінгі қазақ қоғамына айтары көп. Немістің белгілі жазушылары мен ойшылдарын қазақша сөйлеткен қаламгер алдағы уақытта да шетелдік жазушылармен бірлесе жұмыс жасауды жоспарлап отыр.
Аудармаға сонау 1980-ші жылдардың басында ден қойған жазушы бүгінге дейін көптеген шетелдік қаламгерлерді қазақша сөйлетті. Атап айтар болсақ, неміс жазушысы Элеонора Хуммельдің «Берлин балықтары» және «Таң жұлдызы» романдарын, швейцариялық жазушы Франц Холердің «Елең ғұмыр» бестселлерін, Эдит Шмитцтің криминалдық әңгімелер топтамасын, балаларға арналған 43 суретті кітапшаны неміс тілінен тікелей аударды. «Gold Cinema» (Алматы қ.) компаниясының тапсырысымен «Игуасу», «Фольклингер лашығы», «Tриер» және «Гавананың көне қаласы» атаулы төрт деректі фильмді неміс тілінен қазақшалады.
Алекс Рембестің «Шарасыз бала күтуші» әзіл әңгімесінің қазақша нұсқасы «Аудармалар топтамасында» (Алматы қ.), қазіргі заманғы неміс ертегілерінің қазақ тіліндегі аудармасы «Таңғажайып глобус» атауымен («Атамұра» баспасы, Алматы қ.) жарық көрді. Осы ертегілер топтамасы оқырманның сұрауымен баспадан тағы да 1000 данамен оқырманына жол тартты. Қаламгердің бұдан да басқа аудармалары көп. Олар «Абай», «Ақжелкен», «Таңшолпан», «Егемен Қазақстан», «Найзатас», «Ақбеттау», «Сарыарқа самалы» секілді тағы да басқа республикалық және облыстық басылымдарға үнемі жарияланып тұрады.