Павлодарда Қабдыкәрім Ыдырысовты еске алу кеші өтті

Павлодарда Қабдыкәрім Ыдырысовты еске алу кеші өтті
Фото: Есенжол Исабек

Биыл ақынның туғанына 95 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінде Қабдыкәрім Ыдырысов десе ақынның "Келші, келші, балашым" әні бірден есімізге түсері анық. Қазақ әдебиетінің жарқын өкілі бола білген ақын, журналист, көркем аудармашы Қабдыкәрім Ыдырысов артына талай-талай бағалы туындыларын қалдырып үлгерді.

Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде өткен «Ұша бер, ақын, шыңдарға» атты еске алу кешіне оның туыстары мен шығармаларын зерттеп, есімін ел ішінде дәріптеп жүрген ұстаздар мен мектеп оқушылары және жергілікті өнерпаздар қатысты.

Ақынның туыстары Қабдыкәрім Ыдырысовты еске алып, оның шығармалары кейінгі ұрпаққа танытып жүрген ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді. 

- Біз ағайынды Раздық пен Ыдырыстан тараған ұрпақтармыз. Мен небары 10 жасымда әкеден айрылып, жетім қалдым. Сол кезде атайым мені "өзім оқытып, жеткіземін" деп Алматыға алып кетті. Мені әрдайым өзімен бірге алып жүрді. Демалуға тек Баянауылға келетін. Сонда ағамның қасында атақты ақындар мен компазиторлар еріп жүретін. Көпке танымал "Баянауыл вальсін" жазғанда мен қасында болдым. Атайыммен бірге жүргенде ұйықтамайтынбыз. Ұйықтайық десем, "Менің шабытым келіп тұр" деп отырғызып қойып, маған әндерін тыңдататын. Марқұм, елім, жерім деп өтті. Тек қазақстандық ақындармен ғана емес, ресейлік ақындармен де тығыз шығармашылық байланыста болды, - деді Мақсұт Раздықов.

Еске алу кешіне келген қонақтар қатарында Ақтоғай ауданы, Әуелбек ауылындағы Қабдыкәрім Ыдырысов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің бұрынғы басшысы әрі сол мектепте мұражайдың ашылуына ат салысқан Атлас Байсаринова да болды.

- Ақынның 50 жасын ауыл, мектеп болып тойладық. Сонда бірқатар ақын-жазушылармен бірге келді. Содан көп ұзамай ол кісі өмірден өтті. 90-жылдары барлық жерде қазақ қоғамында айшықты орыны бар тұлғалар пен батырлардың есімі мектептерге беріле бастады. Сол кезде біздің ауылдан шыққан, Өтес ауылында туып-өскен Қабдікәрім ағаның есімін неге бермеске деп іске кірістік. Барлық құжаттарды өткізгеннен кейін, бір жылдан соң Алматыдан қаулы шығып, мектебімізге аты берілді, - деді ол.

Шара барысында ақын шығармашылығы туралы бірқатар тың деректер айтылып, оның әндері шырқалды.  

Сонымен қатар, Бұқар жырау атындағы әбебиет және өнер музейі ақынның жеке заттары мен кітаптарынан және отбасылық фотосуреттерінен көрме ұсынды.

Қабдікәрім Ыдырысов Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінен үлкен өмірге жолдама алған, осы оқу орнында білімге сусындаған, қасиетті қара шаңырақта қолдарының табы қалған, қабырғаларында рухы сақталған ірі тұлғалы түлектердің бірі. Ол  Аманжол Шамкенов, Ғинаят Бекжанов, Мұзафар Әлімбаев, Кабдрахман Дюсенбин, Қатыршат Шүленбаев, Серікбай Мүткенов, Құдайберген Сұрағанов, Мажен Қабылбеков сияқты дарлар қатарында тұрған, колледждің 1948 жылғы түлегі.