Павлодар облысында сегіз мыңға жуық жаяу жүргінші жол ережесін бұзған
Тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 7809 жаяу жүргінші анықталған.
Осындай жағдайлардың бірі Торайғыров көшесінде тіркелді. Жас жігіт көлік қозғалысы қарқынды жолды жүгіріп өтіп, өз өміріне қауіп төндірген және көліктердің қозғалысына кедергі келтірген.
Тағы бір құқық бұзушылық Академик Сәтбаев көшесінде анықталды. Егде жастағы әйел жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен. Ол аялдамаға келген автобусқа үлгеру үшін жолды қысқартпақ болғанын түсіндірді.
Екі жағдайда да полиция қызметкерлері әкімшілік хаттамалар толтырып, тәртіп бұзушыларға айыппұл салды.
– Жол қателікті кешірмейді. Тәуекелге бармай, бағдаршамға немесе жаяу жүргіншілер өткеліне дейін барған дұрыс. Жолдың жүріс бөлігін кесіп өткен кезде барынша мұқият әрі сақ болыңыздар. Жолды толық кесіп өткенге дейін гаджеттерге алаңдамаңыздар, – деп ескертті полиция департаменті.
Полиция жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.