Павлодар ауданында суға батып еткен ер адамның денесі табылды
47 жастағы ер адам суға тыйым салынған жерге шомылу барысында батып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 18 тамызда Павлодар ауданының Сычевка ауылы маңындағы Ертіс өзенінен департаменттің оперативтік-құтқару отрядының құтқарушылары 1979 жылы туған ер адамның денесін тауып, судан алып шықты.
Алдын ала мәлімет бойынша, 15 тамызда ер адам суға түсуге тыйым салынған жерде шомылу кезінде суға батып кеткен.
Төрт күнге созылған іздестіру жұмыстары барысында құтқарушылар қайықпен Ертіс өзенінің оң және сол жағалауының 83 шақырымын көзбен шолып тексерді. Эхолоттың көмегімен 16 900 шаршы метр су айдыны зерттелді. Жағалау бойымен жаяу 10 шақырым жол жүрілді. Сүңгуірлер 34 рет нүктелік сүңгу жұмыстарын жүргізіп, өзен түбінің 3 400 шаршы метр аумағын тексерді.
Іздестіру жұмыстарына оперативтік-құтқару отрядының 4 құтқарушысы, 1 техникасы және 1 жүзу құралы жұмылдырылды.