Павлодар облысында шалғай ауылдарға жаңа санитарлық көліктер жөнелтіледі
Келесі жылы ауылдар санитарлық көлікпен 100% жабдықталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов медициналық ұйымдар үшін сатып алынған жаңа 39 санитарлық автокөліктің кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Науқастарды тасымалдайтын көліктер 10 ауданның шалғай елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік акушерлік пункттеріне жөнелтіледі. Биыл санитарлық көліктерді кезең-кезеңмен жаңартудың нәтижесінде жарақтандыру көрсеткіші 84%-ға дейін жетті.
– Көліктер халықтың жағдайын жақсарту үшін пайдалануға беріледі. Денсаулық болмаса ештеңе де болмайды. Сіздердің жұмыстарыңыз әрқашан да бірінші қатарда, – деп атап өтті Асайын Байханов. – Келесі жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында санитарлық көлікті жаңарту бойынша 100 пайыздық көрсеткішке жетеміз.
«ГАЗ Соболь» маркалы көліктің төрт кілтін алған Железин аудандық орталық ауруханасының басшысы Роман Пак ауыл тұрғындарының атынан қуанышын білдіруде.
– Былтыр бізге төрт көлік берген еді. Ал, сатып алынған жаңа көліктер Михайловка, Прииртышск, Церковная, Лесное шалғай ауылдардың медпункт пен дәрігерлік амбулаториясына жөнелтілмек. Келесі жылы санитарлық көлік бойынша қажеттілік толығымен жабылады,– деді Роман Пак.
Оның сөзінше, жаңа көліктер ауданда 2016-2018 жылдан бері жүрген көліктердің орнына шығады.