Май ауданында дәрігерлер қатары толықты
Биыл ауданға тоғыз дәрігер келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Азаматтардың денсаулығын қорғау және медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында Май ауданында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы едәуір нығайып, медициналық қызмет көрсету деңгейі жақсара түсті.
Кадрлық әлеуетті нығайту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024-2025 жылдары аудандық ауруханаға тоғыз жаңа дәрігер жұмысқа қабылданып, қазіргі таңда олар тұрақты түрде халыққа медициналық қызмет көрсетіп жатыр. Дегенмен, ауданда сала дәрігерлерге сұраныс әлі де бар.
– Қазіргі уақытта кардиолог дәрігерлер тапшылығы сезіледі. Дегенмен, Ақсу және Курчатов қалаларынан арнайы мамандар аптасына бір-екі рет келіп, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Биыл келген тоғыз жаңа маман аурухана жұмысына тұрақты түрде тартылып, халыққа сапалы ем-дом шараларын ұсынуда, – деді аудан әкімі Қадылжан Сәтиев.
Сонымен қатар, биыл аудандық аурухана базасында «Әйелдер кеңесі» және «Ерте араласу және дамыту орталығы» ресурстық кабинеттері ашылды. Бұл бөлімшелер тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Аурухананың инженерлік инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Шілде айында медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жылу жүйесі толық жаңартылған. Бұдан бөлек, аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толыққан. Атап айтқанда, төрт дана ЭКГ аппараты және үш дана дефибриллятор сатып алынды.
Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметінің автопаркі толық жаңартылған. Аурухана үш «Газель-Соболь» және бір «Газель-NEXT» маркалы санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде жедел жәрдем шақыртуларына дер кезінде жету мүмкіндігі артып, қызмет сапасы айтарлықтай жақсарды. Жалпы, соңғы жылдары аудан бойынша жедел жәрдем көліктері паркі толықтай жаңартылған.