Павлодар облысында бұзылған бояу сатқан дүкенге айыппұл салынды

Павлодар облысында бұзылған бояу сатқан дүкенге  айыппұл салынды

Тұтынушы дүкеннен алған бояу бұзылған болып шыққанына шағымданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдышев мәлім етті. 

- Павлодар облысындағы құрылыс материалдарын сататын дүкендердің бірінен бояу сатып алған. Ол бояу бұзылған болып шыққан. Тұтынушы кәсіпкерден ақшасын қайтарып беруді сұраған. Кәсіпкер тұтынушы бояуды тиісті температурада сақтамады деп ақшаны қайтарудан бас тартқан, - Дәулен Қабдышев.

Тұтынушы департаментке жүгініп, ведомство кәсіпкерге қатысты екі тексеру ашқан. 

- Біріншісінде кәсіпкер тұтынушының өтінішіне уақытында жауап бермегені анықталды. Екіншісінде аталған тауарға 1 жыл кепілдік болған. Ереже бойынша кәсіпкер тауарға сараптама жасау керек еді. Ол оны жасамаған. Тексеру нәтижесі бойынша біз оған айыппұл салдық. Ол 50 мың теңгеден астам айыппұл төледі. Сондай-ақ заң нормаларын сақтамағаны үшін ескерту алды, – деді Дәулен Қабдышев.

Департамент басшысының айтуынша, ереже бойынша тұтынушы кепілдік берілген тауарды дүкенге кері алып келсе, кәсіпкер тауарға сараптама жасап, ақау тұтынушы тарапынан болғанын дәлелдеуі тиіс. Егер дәлелденсе, кәсіпкер тұтынушыдан сараптамаға кеткен шығынды талап етуге құқылы.

Ал, егер тауарға кепілдік берілмесе, тұтынушы тауарды сатып алғаннан кейін 2 жыл ішінде тауардың сапасыз екені туралы жүгінуіне болады. Бұнда тұтынушы сараптама жасатып, тауардың сапасыз екенін дәлелдеуі тиіс. Егер дәлелденсе сараптамаға кеткен шығынды да кәсіпкерден талап ете алады.  

Фото: ӨКҚ