Павлодарлық азамат жарнамада уәде етілген сыйлықты сот арқылы өндіріп алды

Павлодарлық азамат жарнамада уәде етілген сыйлықты сот арқылы өндіріп алды
Фото: жасанды интеллект

Сатып алушы мәселені сотқа жеткізбей шешуге тырысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаз мезгілінде ер адам 144 990 теңгеге кондиционер сатып алған. Акция шарты бойынша оған қосымша сыйлық ретінде кондиционерді орнату қызметі ұсынылған. Жарнамада орнату құны 71 мың теңгенің орнына 10 теңге болатыны және қосымша шығындар қарастырылмағаны көрсетілген.

Алайда сатып алушы төлем жасағаннан кейін қосымша шығындар туындайтынын білген. Атап айтқанда, кондиционерді орнату үшін өнеркәсіптік альпинистің көмегіне жүгіну және әйнек пакетті шешу қажет екені айтылған. Мұндай жұмыстар стандартты орнату қызметіне кірмейді және бөлек төленеді.

Дүкен өкілдері акция аясында кондиционерді орнатудан бас тартқан соң, павлодарлық азамат қызмет үшін 70 мың теңге төлеуге мәжбүр болған. Алайда кейін кондиционер өнеркәсіптік альпинистің көмегінсіз және әйнек пакетті шешпей-ақ орнатылған.

Осыдан кейін тұтынушы сотқа жүгінген. Бұл істе оған Павлодар облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары қолдау көрсеткен.

–  Сот талқылауы барысында тегін орнату қызметіне қатысты шектеулер мен кейбір жұмыстар үшін қосымша ақы алынуы мүмкін екені туралы ақпарат сатып алушыға тауарды сатып алғанға дейін жеткілікті дәрежеде түсінікті әрі қолжетімді түрде ұсынылмағаны анықталды. Сонымен қатар, кондиционерді орнату жұмыстары әйнек пакетті шешпей және өнеркәсіптік альпинистің көмегінсіз, басқа маман арқылы орындалған, – деп хабарлады басқармада. 

Сот шешімі тұтынушының пайдасына шығарылды. Нәтижесінде оған кондиционерді орнату үшін төлеген ақшасы қайтарылып, моральдік зиян үшін өтемақы төленді.

Департамент өкілдері дүкендер жарнамалық акциялар аясында ұсынылатын сыйлықтар мен тауарларды сату шарттары туралы шынайы әрі өзекті ақпарат беруге міндетті екенін еске салды. Барлық шектеулер, қосымша талаптар мен ықтимал шығындар сатып алушыға алдын ала түсіндірілуі керек.

Сондай-ақ мамандар тұтынушыларға жарнамалық акциялардың шарттарын мұқият оқып, жарнама материалдарын, түбіртектерді, келісімшарттарды және сатушылармен жазысқан хаттарды сақтап қоюға кеңес берді.