Павлодарлықтар жалпыұлттық патриоттық диктант жазды
Диктант мамыр мерекелері мен Жеңіс күніне орай «Еркін елдің ұрпағы» тақырыбында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Атаулы шара облысымыздың мемлекеттік органдары, білім беру және мәдени ошақтарында ұйымдастырылды.
– Диктанттың басты мақсаты – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Диктантты жазу үшін жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған. Бірнеше міндеттер көзделген. Олар – қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білу деңейін анықтау, мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру. Осы диктантқа 250 студент атсалысып отыр, – дейді Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қазақ тілі және әдебиеті бағдарламасының жетекшісі Майгүл Оразханова.
Диктантты жазуға өзге ұлт өкілдері де атсалысты.
– Мұндай диктанттарға жиі қатысамын. Мәселен, өткен аптады Қостанай қаласына республикалық олимпиадаға барып, қола жүлдегер атандық. Жалпы диктант оңай болды, – дейді Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Валерия Сейсекина.
Айта кетерлігі, диктан Қазақстанның барлық облыстарын қамтыды. Диктантты тек жастар ғана емес, егде жастағы тұрғындар да жазды.
Мақсат Көлтайұлы