Павлодар облысында заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған жүргізуші анықталды

Павлодар облысында заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған жүргізуші анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында рейдтік іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полиция қызметкерлері Солтүстік өнеркәсіптік аймақта жүргізілген рейд барысында абаттандыру қағидаларын бұзу дерегін анықтады. КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленбеген жерге төгіп, заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған.

Павлодар облысы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, құқық бұзушылық бойынша жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданған.

Тәртіп сақшылары заңсыз қоқыс төгу қоршаған ортаға зиян келтіріп, елді мекендердің санитариялық жағдайын нашарлататынын және тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретінін еске салады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.