Павлодар ауданында құжаттары жоқ екі малшы табылды
Олар қабылдау-тарату орнына орналастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары 6 мыңнан астам мекенжай мен 28 жалдамалы пәтерге барып, заңсыз жалға берілген 6 пәтерді анықтаған және олар бойынша мемлекеттік кірістер бөліміне ақпарат жолданған.
– Полицейлер мал шаруашылығы пункттерін тексеру кезінде жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екі азаматты анықтады. Олар сот шешімі бойынша жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Сондай-ақ полиция бөлімінде тіркелмеген екі қару анықталып, тәркіленді, – деді Павлодар ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайрат Сатыбаев.
14 тамыз - 31 қыркүйек аралығында Павлодар ауданының аумағында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Осы кезеңде тәртіп сақшылары қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ азаматтармен тығыз және сенімді қарым-қатынас орнату жөніндегі жұмысты күшейтті.
Іс-шара барысында учаскелік инспекторлар бекітілген әкімшілік учаскелерінде тұрғындармен құқық бұзушылықтардың, интернет-алаяқтықтың және мал ұрлығы фактілерінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар жалдамалы пәтерлер мен жұмыс істемейтін отбасылар тексерілуде.