Павлодар облысының шаруаларын не алаңдатуда?

Павлодар облысының шаруаларын не алаңдатуда?
Фото: istockphoto.com/VictorTyakht

Мәселелер Экология министрлігімен бірлесіп шешіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ ауыл шаруашылығында қарқынды даму көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, сегіз айда өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне 124,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Майлы дақылдардың егіс көлемі қырық үш пайызға артса, картоп өндірісі 937 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көбейді. Дәнді және көкөніс дақылдарын жинау науқаны да аяқталуға жақын.

Мал шаруашылығы да назардан тыс қалған жоқ. Облыста ірі қара мен жылқы саны өсіп, сүт пен ет өндіру көлемі артуда. Алайда, шаруалар тарапынан шешімін таппаған өзекті мәселелер бар.

Май, Баянауыл және Екібастұз аудандарының шаруалары министрге соңғы жылдары күрделі сипат алған киік мәселесін жеткізді. Олардың айтуынша, жануарлардың популяциясы күрт көбейген. Киіктер жайылымды таптап, егістіктерге, тіпті суармалы жерлерге дейін кіріп, шағын қожалықтарға айтарлықтай зиян келтіруде.

– Бұрын төлдеп кеткен соң басқа өңірлерге көшетін еді, қазір жаз бойы қайта-қайта оралады. Май ауданында ғана саны жүз мыңнан асуы мүмкін. Арнайы электроқұрылғылар да, кезекшілік те көмектеспейді, – дейді шаруалар.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл мәселенің өзектілігін мойындап, қазір Экология министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Мәселенің бар екенін білеміз. Май, Баянауыл аудандары мен Екібастұз қаласының ауылдық аймақтарынан нақты дәлелдер келіп түсуде. Экология министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы – тепе-теңдік сақтау: шаруалардың мүддесін қорғап, табиғатқа да зиян келтірмеу. Сондықтан популяциядан іріктеу бойынша квотаны қарастыру қажет, – деді ҚР-ның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар ол мал шаруашылығын дамыту үшін жайылым инфрақұрылымын нығайтып, суат пункттерін ұйымдастырудың маңызын атап өтті.

Шаруалар министрге алғыстарын білдіріп, бұл мәселе жедел шешімін табарына үміт білдірді. Себебі, ауыл шаруашылығындағы өсімге қарамастан, жайылым жетіспеушілігі мен киіктердің келтірген зияны мал шаруашылығының дамуын тежеп отыр.

Еске сала кетейік, шаһарға жұмыс сапарымен ауыл шаруашылығы министрі келді. Іссапар аясында ол шаруа қожалықтарының басшылығымен кездесті.

Бұған дейін, шаруа қожалықтарының қызметкерлеріне киіктерді егістік пен жайылымнан қорқыту үшін заңсыз шаралар қолданбау туралы алдын алу түсіндірме жұмыстары жүргізілді.