Жер аманаты: Павлодарда комиссияның жаңа мүшелері таныстырылды

Жер аманаты: Павлодарда комиссияның жаңа мүшелері таныстырылды
Фото: «AMANAT» партиясынан

«AMANAT» партиясының облыстық филиалында өңірлік комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Күн тәртібіндегі басты мәселе комиссияның жаңа мүшелерін таныстыру болды. Кадрлық өзгерістерге байланысты «Жер аманаты» Өңірлік комиссиясының құрамына облыс әкімінің орынбасары Әйгерім  Қабылтаева, Павлодар облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Ерсаев, Павлодар облысы Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Айдар Байсақов және облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Ержан Бухпанов қабылданды.

– Отырыста заңсыз жекешелендірілген немесе пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша 2024 жылғы көрсеткішті орындамау тәуекелдері талқыланды, – деді «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінде. Павлодар облысы бойынша 2024 жылға арналған қайтару жоспары 140 мың гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 83 мың гектар (жоспардың 59 пайызы) қайтарылды. Оның ішінде: егістік - 7,6 мың, жайылымдар-74,4 мың, басқалары-0,9 мың гектар.

Бұл ретте, Ақсу қаласы, Баянауыл және Ертіс аудандарында жерді қайтарудың төмен көрсеткіштері байқалды. 

Комиссия Павлодар облысында «Жер аманаты» бағдарламасының орындалуын бақылау жұмысын жалғастырады.