«Жеңіс лентасы»: Павлодарлықтарға патриоттық ленталар таратылады (ВИДЕО)

Патриоттық көк ленталарды тарату 3 мамырда басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Отан үшін отқа күйген ата-бабамыздың ерлігін ұлықтау ендігі біздің еншімізде. Атаулы күннің мәнін, қасиетін жоғалтпай келесі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі жастардың үлкен міндеті. Жеңіс күнін мерекелеу кезінде отандастарымыздың батылдығын насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы түсіндегі «Жеңіс лентасы» патриоттық лентасын тағу ұсынылады, – дейді Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімінде.
Мемлекеттік ту түстес ленталар 9 мамырға дейін ірі сауда үйлерінде, гүлзарларда, базарларда, ескерткіштердің жанында, яғни адамдар көп жиналатын жерлерде таратылады.
Патриоттық лентаны кез келген адам ала алады, бүгінде төрт мыңнан астам павлодарлық Жеңіс лентасын тағып жүр.