Павлодарлық аграрлар Ел Президентіне алғысын білдірді

Ерте қаржыландыру арқасында шаруалар егіс жұмыстарына ерте кірісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарға жұмыс сапарымен ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келді. «Достық үйінде» ол өңірдің шаруа қожалықтарының басшыларымен жиын өткізді. Кездесу барысында облыс басшысы өңірде жүріп жатқан орақ маусымының нәтижелерімен бөлісті.
– Биыл облыстағы астық пен көкөніс дақылдарының жиын-терімі аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде дәнді және көкөніс дақылдарының басым бөлігі жиналды, майлы дақылдардың орағы жалғасуда. Жалпы, биылғы науқан нәтижесінде картоп өндірісі рекордтық 937 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе артты, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаеваның сөзінше, биылғы егіс көлемі 1,7 миллион гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда алты пайызға артық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егіс құрылымына елеулі өзгерістер енгізілді.
– Майлы дақылдардың көлемі 43 пайызға, картоп 25 пайызға, ал көкіністер мен бақша дақылдары 15 пайызға артты. Қазіргі таңда жалпы 827 мың гектар жер жиналды. Бұл – шаруалардың еңбегінің және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі, – деді ол.
Жиын барысында шаруалар да өз ойларын білдірді. Олар «Кең дала 2» жобасының тиімділігін атап өтті. Қаржыландыру уақытылы жүргізілгеннің арқасында аграршылар егіс жұмыстарына ерте кірісті.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы өнімнің көлемі жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге, аграршылардың игілігі үшін бір триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілгенін пайымдады.
– «ҚазАгроҚаржы» бойынша 250 миллиард теңге техниканы жаңартуға бөлінді. Қазір өтінімдердің барлығын жүз пайыз орындадық, – деді министр.
Оның сөзінше, енді мал шаруашылығы туралы ойлау керек. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге тапсырма берді. Бүгінгі таңда әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылдың наурыз айында қаржыландыру басталады.
Облыстағы шаруашылық саласы биыл рекордтық нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Жинау науқаны аяқталған соң, негізгі жоспарлы көрсеткіштердің орындалатыны күтілуде.