Павлодар облысында жылқылардың кесірінен жол апаты орын алды

Павлодар облысында жылқылардың  кесірінен жол апаты орын алды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Жол-көлік оқиғасы республикалық маңызы бар Атемекен – Курчатов автожолында тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, демалыс күндері жылқылардың қатысуымен екі жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жергілікті тұрғындардың мал жаю ережелерін бұзуы бойынша 9 факті  анықталды.

– 5 тамызда сағат 00.05-те иесіз жайылып жүрген жылқылардың кесірінен жол апаты орын алып, жүргізушіге моральдік және материалдық залал келтірілді. Тағы бір факт 6 тамызда сағат 03.30-да Май ауданы Жаңатілек ауылының жанында орын алды, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев.

Тәртіп сақшылары жануарлардың иелерін анықтады, 53 және 40 жастағы мал иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. 

Айта кетерлігі, айыппұлдан басқа, мал иелері  жол  апатынан зардап шеккен жүргізушілерге материалдық шығынды өтеуі керек. Жыл басынан бері Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін  бұзғаны үшін 985 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 43 мал иесіне қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, жеке тұлғалардың мүлкіне залал  келтіруге әкеп соққан жаю қағидаларын бұзғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.