Павлодар облысында жол апатынан зардап шеккен екі бала ауруханаға жеткізілді

Павлодар облысында жол апатынан зардап шеккен екі бала ауруханаға жеткізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқиға Қызылорда – Павлодар автожолында болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өткен аптада Апаттар медицинасы орталығының бригадалары 14 шақыртуға шығып, алты зардап шеккен адамға көмек көрсетті.

Осындай шақыртулардың бірі 27 тамызда Қызылорда – Павлодар автожолының 1338-шақырымында түскен. Оқиға орнына шұғыл медициналық-психологиялық көмек көрсету бригадасы жіберілді.

– Алдын ала мәлімет бойынша, ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік жол жиегіндегі орға түсіп кеткен, – деп хабарлады облыстық ТЖД.

Мамандар оқиға орнында төрт зардап шеккен адамды қарап, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Ер адам мен әйел ауруханаға жатудан бас тартқан. Ал тоғыз және 11 жастағы екі бала Павлодар қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізіліп, емдеуге жатқызылды.

Төтенше жағдайлар департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтап, жолда барынша мұқият болуға шақырды.