Павлодарда мектепте балаларды күйік шалу фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
15 қыркүйек күні №37 мектептің футбол алаңында дене шынықтыру сабағы кезінде оқыс жағдай орын алды. 6-сынып оқушылары пластикалық бөтелкеге тұрмыстық еріткіш пен құбырларды тазалауға арналған құралды құйған.
– Реакция нәтижесінде ерітінді оқушыларға шашыраған. Жеті бала күйік алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады, – деді облыстық полиция департаментінде.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының әрекеттері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Бұдан бөлек, тергеу барысында оқу орны әкімшілігінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Облыстық білім беру басқармасы мектепке тыйым салынған заттарды алып кіру фактісі бойынша заңды өкілдерге қатысты тексеру жұмыстары атқарылып жатыр. Педагог пен мектеп әкімшілігіне қатысты шешім тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қабылданады.
Оқиға орын алғаннан кейін балалар ауруханасына алты қыз бен бір ұл бала жеткізілді.
– Оларға алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілді. Балалардың бақытына орай, күйіктер шағын аумақта және терең емес болды. Ерітінді аз концентрацияланған болған секілді, – деді комбустиолог дәрігер Қаһарман Баймұратов.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта балалар өздерін жақсы сезінуде. Олар амбулаторлық емделуге жіберілді.
Еске сала кетейік, түскі уақыт кезінде №37 мектепте өз қолдарымен жасалған қоспа пайдаланылған кезде жеті оқушы зардап шекті.