Аққулыда полиция капитаны камера арқылы жоғалған смартфонды иесіне тауып берді
Аққулы ауылының тұрғыны Әлия Мырзатаева Іnstagram парақшасында алғыс сөздерін жазды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел өз хатында Аққулы ауданы ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор Сандуғаш Омарованың жоғары кәсібилігін атап өтті.
– Оның көмегі, белсенді қатысуы мен жауаптылығы, сондай-ақ қызымның смартфонының жоғалуына байланысты өтінішті жедел және оң шешуде өз міндеттерін адал атқарғаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деп жазады мектеп оқушысының анасы.
Оның айтуынша, қызы телефонын жоғалтып алған соң дереу полицияға хабардар еткен. Бірнеше сағаттан кейін капитан телефонды алып келіп, баласын қуантқан.
Сондай-ақ, ризашылық білдірген ауыл тұрғыны барлық аудандық полиция бөліміне оң көзқарасын білдіріп, Аққулы ауылының аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің тиімділігі үшін қосымша бейнебақылау камераларын орнату туралы өтініш білдірді.
– Мен бірінші кезекте бейнебақылау камераларын қарап шықтым, содан кейін оқушының үйіне апаратын жолмен жаяу жүрдім. Үйге жетпей, 150 метр қашықтықта қардың астынан гаджетті тауып, оны заңды иесіне апардым, – дейді полиция капитаны Сандуғаш Омарова.
Тәртіп сақшы азаматтарға көмектесу басты міндетім деп ойлайды, ал жұрттың алғысы ынталандыра түседі деп қуанады. Сондай-ақ тәртіп сақшыларының әрқашан сергек болып, кез келген жағдайда көмекке дайын болатынын айтады.