Павлодар облысында жолдағы қауіпсіздік дрондар мен камералардың бақылауында
Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері өңір полицейлері жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігі мәдениетін арттыруға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
– Автопатрульдер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға ерекше назар аударады. Соның ішінде - жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде смартфон пайдалану. Өйткені дәл осы жоғары жылдамдық, арақашықтықты сақтамау және қарапайым салғырттық жолдағы қайғылы оқиғаларға жиі себеп болады. Нәтижесінде қызметкерлермен 109 996 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталып, жолы кесілді, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бақыбай Ахмедьянов.
Жол-көлік жағдайын тұрақтандыру мақсатында полиция патрульдік бақылауды күшейтіп қана қоймай, автоматты тіркеу жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) қоса алғанда, заманауи технологияларды белсенді түрде қолдануда.
Қала ішінде де құқық бұзушылар тиімді түрде анықталуда. Мысалы, жедел басқару орталығының камералары Н.Назарбаев даңғылында жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзу фактілерін тіркеді. Toyota Highlander автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпаған, Chery Tiggo 2 Pro көлігінің жүргізушісі ұялы телефонға алаңдаған, ал Mercedes-Benz жүргізушісі күндізгі жүріс шамдарын қосуды ұмытқан. Барлық құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Өңірде жыл басынан бері 372 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 17 адам қаза тауып, тағы 528 адам түрлі дене жарақатын алды.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, өзара құрмет пен жолдағы тәртіп – қозғалысқа қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың бірден-бір жолы екенін ескертеді.