Павлодарда белгілі мүсіншінің мерейтойлық көрмесі ашылады

Павлодарда белгілі мүсіншінің мерейтойлық көрмесі ашылады
Фото: жасанды интеллект

Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде мүсінші, Қазақстан суретшілер қауымдастығының мүшесі Марат Әбілқасымовтың 70 жылдық мерейтойына арналған жеке көрмесі өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көрменің ашылу салтанаты 5 маусым күні сағат 16:00-де басталады. Қала тұрғындарының назарына автордың ескерткіш жобаларының үлгілері, қалалық саябақтарға арналған мүсіндері және түрлі материалдардан жасалған шығармалары ұсынылады.

Марат Шайкенұлы – Павлодар өңірінің мәдениеті мен бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан танымал мүсінші. Ол «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» және «Май ауданына сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

– Марат Әбілқасымов – пішін мен кеңістікті терең сезінетін, әр материалдың мүмкіндігін шебер аша білетін суреткер. Оның шығармаларынан ұлттық рух, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүріне деген ерекше құрмет айқын көрінеді, – деді Нағымбек Нұрмұхамедов атындағы облыстық көркемсурет мұражайының қор сақтаушысы Ольга Пашко.

Шебердің шығармашылық қоржынында өңірдің және еліміздің көптеген аймақтарына орнатылған жүзден астам бюст, ескерткіш пен мемориалдық композициялар бар. Ол өз жұмыстарында ағаш, тас, бетон және гипс сияқты материалдарды пайдаланып, әр туындысына өзіндік көркемдік сипат береді.

Мүсіншінің өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі – 1990-2000 жылдары қала тұрғындары асыға күтетін мұз қалашықтарын жасауға қатысуы. Сол жылдары салынған мұз қалашықтары көлемі жағынан Қазақстандағы ең ірі нысандардың қатарында болған.

– Суретшінің туындыларына ой нақтылығы, орындау дәлдігі және пішіннің иірімділігі тән. Оның еңбектері көрерменге терең әсер қалдырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейді, – деп атап өтті Ольга Пашко.

Марат Әбілқасымов халықаралық және республикалық байқаулардың да жүлдегері. Ол 2007 жылы Ақтөбе қаласында өткен тас мүсіндерге арналған халықаралық бақ-саябақ симпозиумында жеңімпаз атанса, 2006 жылы шаһардағы «Менің қалам» байқауында үшінші орынға ие болған. Сонымен қатар Алматы қаласындағы «8 көл» бағында ұйымдастырылған халықаралық қар және мұз мүсіндері байқауына қатысқан.

Бұған дейін, Марат Әбілқасымовтың «ғалым» үкі арт-нысаны шаһардың түлектер аллеясында пайда болды. Композиция ертегі стилінде орындалған. Мүсін алтын реңкті қола түске боялған, бұл оған көне бұйымның әсерін береді.

Айта кетейік, көрме бір ай бойы келушілер үшін ашық болады.