Павлодар облысында жолдардың қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жалғасуда

Павлодар облысында жолдардың қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жалғасуда
Фото: Константин Шелков

Тексерістер тоқсан сайын және күнделікті негізде жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасына қарасты жол-техникалық инспекция қызметкерлері жыл бойы кешенді, тоқсандық және күнделікті тексерістер жүргізіп келеді.

Биылғы жылдың басынан бері жалпы ұзындығы 25 895 шақырымды құрайтын автожолдарда мыңнан астам тексеру өткізіліп, 3 880 кемшілік анықталған.

Жол инфрақұрылымын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар да бар. Талдау нәтижесі және тұрғындардың өтініштері негізінде, облыс бойынша бірнеше ауылда жаңа бағдаршамдарды орнату жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автожолындағы Ефремовка, Розовка ауылдарына, сондай-ақ «Атамекен-Ертіс-Русская Поляна-РФ шекарасы» бағыты бойындағы Қамзин ауылына реттелетін өткел қою ұсынылған.

– Біздің басты мақсатымыз – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тексерістер, жаңа жүйелер және тұрғындар ұсыныстары негізінде нақты шаралар қабылданып жатыр. Әрбір белгі, әрбір тексеру – адамның өмірін қорғауға бағытталған, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Бәкібай Ахмедьянов. 

Сонымен қатар, 17 наурыздан бастап республикалық маңызы бар «Павлодар-Астана», «Павлодар-Абай облысы» және «Павлодар-РФ шекарасы» бағыттарында орташа жылдамдықты өлшейтін «Zerek 2» жүйесі іске қосылды. Қазіргі уақытта осы кешендер арқылы 26 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркеліп, айыппұл мөлшері 670 миллион теңгеден асты.

Облыс жолдарында қосымша «Кибер-Шериф» кешенінің 10 бірлігі және патрульдік көліктерге орнатылған «Ekin Patrol» жүйесінің 10 бірлігі қызмет атқарып жүр. Олар көлік легі көп учаскелерге және жиі апат болатын аймақтарға орналастырылған.

Еске сала кетейік, шаһарда өткен аптадан бастап «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешендері жұмыс істей бастады. Осы уақытқа дейін 70-тен аса бұзушылық фактісі анықталды. 

Сондай-ақ, биыл жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға жауапты органдар да тексерілді. Салдарынан 277 лауазымды және заңды тұлға, соның ішінде ауыл әкімдері мен жолға жауапты мекемелер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.