Павлодардағы болашақ жүргізушілерге талаптар күшейтілді

Павлодардағы болашақ жүргізушілерге талаптар күшейтілді
Фото: Константин Шелков

Енді жүргізушілер тек лицензиясы бар автомектептерде оқытылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жүргізушілерді даярлау жүйесіне қойылатын талаптар жыл сайын жетілдіріліп келеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, басты мақсат – жол апаттарының алдын алу және жолға тек дайын, жауапты жүргізушілерді шығару. 

Бұрын жүргізуші өздігінен дайындалып алуға мүмкіндік болған еді. Алайда тәжірибенің аздығы жолдағы қауіпсіздікке кері әсер етіп, апаттар санының өсуіне әкелген. Сараптама қорытындысы бойынша жас жүргізушілердің басым бөлігі дәл сол кезеңде өздігінен дайындық арқылы куәлік алғаны анықталған.

– Біз талдау жүргізгенде, жас жүргізушілердің қатысуымен жол апаттарының көбейгенін көрдік. Тәжірибе болмағандықтан, жүргізушілер жолға дайын шықпады. Сондықтан бұл жүйе тоқтатылды, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Бәкібай Ахмедьянов.

Қазір облыс аумағында жүргізушілер тек лицензиясы бар автомектептерде оқытылады. Оқу бағдарламасы 90 сағатты қамтиды, оған теориялық және практикалық сабақтар кіреді. Облыста барлығы 34 автооқыту орталығы ресми түрде тіркелген.

Потенциалды жүргізушілердің тіркелуі де автоматтандырылған. «AVTOMEKTEP.KZ» ақпараттық жүйесі арқылы әр оқушының оқу уақыты, сабаққа қатысуы және емтиханға дайындығы нақты бақыланады. Бұл жүйе оқу мерзімін ерте аяқтауға немесе құжаттарды жасанды рәсімдеуге жол бермейді.

– Кандидаттарға емтихан тапсыруға үш мүмкіндік беріледі. Бірінші рет теорияны сәтті тапсырып, практикадан өтпесеңіз, бір аптадан кейін  қайта тапсыруға болады. Ал егер оны қайта тапсырмасаңыз, онда бір айдан кейін келуге мүмкіндігіңіз бар, егер оны тапсыра алмасаңыз, автомектепте оқыды деген растама автоматты түрде  жойылады. Яғни, сізге қайта оқу керек болады, – деді Бәкібай Ахмедьянов.

Соңғы 11 айда өңірде 18 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілген. Автомектептердің жұмысына қойылатын талаптар да күшейіп жатыр. Президент тапсырмасы бойынша оқыту сапасын бақылау мен лицензиялау жүйесі жаңартылуда.

Жаңа талаптар енгізілген сайын бақылау да күшеймек. Егер заңға өзгерістер енгізілсе, автомектептер уәкілетті органның тұрақты тексеруінде болады. Тұрғындардың айтуынша, мұндай қадамдар жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді жұмыстың маңызды бөлігі.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша өздігінен дайындық форматы өткен жылдың сәуір айынан тоқтатылған еді.