Павлодар облысында «Мерген» кешендері ақаусыз жұмыс істеп тұр

Павлодар облысында «Мерген» кешендері ақаусыз жұмыс істеп тұр
Фото: Константин Шелков

Бұл уақытқа дейін жүйе 70-тен аса бұзушылық фактісін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазір өңір бойынша барлығы 420 «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешендері орнатылған. Атап айтқанда, шаһардағы түзу жол учаскелеріне 185, ал қиылыстарға 123 камера орнатылды. Ақсу және Екібастұз қалаларында – 34 түзу жол учаскелері мен бес қиылыс бақылау кешендерімен қамтылды.

Жаңа кешеннің алғашқы нәтижесі де белгілі болды. 28 қарашадан бері «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешендері бірқатар жолда 74 ереже бұзушылықты тіркеп үлгерді. Айыппұлдардың жалпы сомасы 609 460 теңгені құрады. 

– Жаңа бақылау кешендері бір мезетте бірнеше факторды тексере алады. Атап айтқанда: камералар жылдамдық асыру фактілерін, маневр ережесін бұзуды, жол таңбаларын кесіп өтуді, телефонмен сөйлесуді, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты бұзушылықтарды анықтай алады. Жүйе 30 метрге дейінгі қашықтықтағы бұзушылықты анықтайды, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Бәкібай Ахмедьянов. 

Сонымен қатар, аймақта «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асып жатыр. Оның аясында шаһар көшелерінде үш мыңнан астам бейнебақылау камералары өз жұмыстарын бастады. Олар қаладағы 20 апатты учаскені қамтиды. Бұл жүйе тек жол қозғалысын ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті де бақылауға мүмкіндік береді.

Жол қозғалысы ережелерін қамтамасыз етуде тек жүргізушілер ғана емес, жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға жауапты органдар да тексеріледі. Биыл 277 лауазымды және заңды тұлға, соның ішінде ауыл әкімдері мен жолға жауапты мекемелер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

– Ақсу қаласы маңындағы ауыл әкімдерінің бірі жол жөндеу жөніндегі талапты уақытында орындамағаны үшін жазаға тартылған. Сол сияқты республикалық маңызы бар тас жолдарды қарайтын «ҚазАвтоЖол» ҰК-ның тәртіп бұзған жайттары да болды, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы.

Айта кетейік, қазіргі таңда камералар толық іске қосылған әрі техникалық ақаулар тіркелмеген. Жабдық орнатқан компания үш жылдық кепілдік берген. Мамандардың сөзінше, жаңа кешендер орнатылғалы қала аумағында жол-көлік оқиғалар саны азайды.