Павлодарда көше бойындағы жасыл өсімдіктерді қалыпқа келтіру жұмыстары басталды

Павлодарда көше бойындағы жасыл өсімдіктерді қалыпқа келтіру жұмыстары басталды
Фото: ncsemena.ru

Бұл шара ағаштар мен бұталардың эстетикалық көрінісін сақтау мен денсаулығын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ағаштар мен бұталарды қырқу – өсімдіктерге қажетті пішін беріп, олардың жай-күйін жақсарту мақсатында жүргізілетін үрдіс. Бұл әдіс ағаштардың эстетикалық көрінісін сақтап қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға да ықпал етеді. Қалыпқа келтіріп қырқу кезінде қаншалықты қырқылатыны өсімдік түріне, жасына және жай-күйіне байланысты анықталады.

Барлық жұмыстар «Берегиня – Био» қоғамдық қорының сарапшысы Татьяна Пономареваның ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.

– Ағаштарды қырқу – қажетті шара, оны орындау үшін мердігердің жоғары біліктілігі талап етіледі. Сондықтан біз орталықта сабақтар өткізіп, онда дұрыс қырқу, кесілген жерлерді өңдеу, құралдарға қойылатын талаптар бойынша барлық мәліметтерді егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Оқыту жұмыстарынан бөлек, атқарылатын жұмыстарға қатаң бақылау жүргізіліп, практикалық сабақтар ұйымдастырылады, – деді спикер.

Сонымен қатар, сарапшы биыл қала тұрғындарының тарапынан шағымдар азаяды деп ойлайтынын, өйткені өткізілген сабақтар өз нәтижесін беріп жатқанын айтты.