Тереңкөл ауылында жаңа ветеринарлық пункт салынып жатыр

Тереңкөл ауылында жаңа ветеринарлық пункт салынып жатыр
Фото: Амира Жартекей

Ветеринарлық пункт заманауи талаптарға сай болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалым Бейсеновтің айтуынша, құрылыс жұмыстары 2026 жылғы 15 сәуірде басталған.

Ветеринарлық пункт жеке тұрған, бір қабатты ғимарат ретінде салынуда. Жалпы аумағы кемінде 50 шаршы метрді құрайды.

– Құрылыс барысында газоблок материалдары қолданылды. Қабырғалары минералды мақтамен оқшауланып, сыртқы бөлігі кірпішпен қапталды. Нысан толық инженерлік желілермен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, су құбыры, кәріз жүйесі, электр қуаты және жылыту жүйесі қарастырылған, – деді Ғалым Бейсенов. 

Жаңа ветеринарлық пункттің негізгі мақсаты – жануарларға ветеринарлық қызмет көрсету, аурулардың алдын алу, диагностика жасау және емдеу жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, нысан ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы құны 30 миллион теңгені құрайтын нысанның құрылысын «Нұрали» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асыруда. Жобаны 2026 жылғы 15 маусымға дейін аяқтау жоспарланған.