Май ауданында пантонды көпірдің салынуы неліктен созылып кетті?
Асайын Байханов жұмыстың созылуын сынға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Май ауданына барған жұмыс сапары барысында Баскөл ауылындағы салынып жатқан пантонды көпірдің құрылысын тексерді. Ол жерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жоба бойынша құрылыс маусым айында басталып, қарашада аяқталуы тиіс болған.
– Бұл - халық бұрыннан сұрап жүрген көпір. Кішкентай көпірді алты ай салып жатырсыздар. Мында ешқандай елден таба алмайтын зат жоқ. Ешқандай технологиялық бір жоғары талап ететін құрал-жабдықтар жоқ. Он сварщик алсаңыздар, он күнде бітіреді, – деп сынға алды Асайын Байханов.
«СКБ «Контракшн» ЖШС-нің мердігері Жеңіс Бексұлтанов көпірдің салынуы неліктен ұзақ уақытқа созылып кеткенін түсіндіріп берді.
– Осы жоба Қазақстанда болмағаннан кейін біраз кемшіліктер болды. Соның бәрін ескердік. Жобаны әзірлеуге екі ай кетті. Қыста бұл көпір өзін қалай көрсететінін бақылаймыз,– деді Жеңіс Бексұлтанов.
Аудан әкімі Ағыбай Әміриннің сөзінше, көпірдің ар жағында 5800 гектар шабындық жер бар. Пантонды көпірді салғаннан кейін ауыл тұрғындары Белая өзені арқылы еш қиындықсыз өте алады. Көпірдің ұзындығы - 60 метр, ені 12,5 метрді құрайды. Санау құжаттарға сәйкес 40 тоннаға дейін салмақты көтере алады. Республикалық бюджеттен бұл жобаға 204,3 миллион теңге бөлінді. Облыс әкімі мердігерлерге жұмыстарды осы айдың аяғына дейін бітіруді тапсырды.
Айта кетейік, Баскөл ауылының тұрғындары көп жылдар бойы Белая өзенінің арғы жағындағы шабындық жерге өтуге мүмкіндік жоқ екеніне шағымдануда. Әр жаққа өтетін көпір болмағандықтан, шаруалар паром арқылы тракторларын өткізетін. Алайда ауыр техника өзенге құлап, батып кететін жағдайлар болған еді.