Павлодар облысында қандастарды қабылдауға бөлінген өңірлік квота толық игерілді
Елге жақында көшіп келіп қандас мәртебесін алуға тапсырған азаматтар 2025 жылы өңірлік квотаға кіретін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жанбайбектің төрағалығымен қандастарды өңірлік квотаға енгізу үшін қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың өтініштерін қарау мәселесі бойынша кезекті комиссия отырысы өтті. Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған 1250 өңірлік квота 100 пайызға игерілгенін мәлім етті.
– Комиссия мүшелері баяндаманы тындап, дауыс беру арқылы бірқатар шешім қабылдады, – деді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы РҚБ және «Otandastar qory» Павлодар облыстық фронт кеңсесінің басшысы Болат Заут. – Қандас мәртебесін алуға «Kutty meken» мобильдік қосымшасы арқылы өтініші берген 53 қандасқа комиссия мүшелері қандас мәртебесін мақұлдады.
Бұдан бөлек, қандас мәртебесінің мерзімі аяқталған қандастардың өтініштері қаралып, Қазақстан Республикасының азаматтығына тапсыруға алты адамның қандас мәртебесін ұзарту шешім шығарылды.
Шетелдерден көшіп келіп тұрақты тіркеуге тұрған, қандас мәртебесін алған 18 отбасының, 74 қандастың өтініштері қаралды. Өзбекстаннан келген сегіз отбасынан 34 адам, Моңғолиядан келген бес отбасынан 23 адам, Қытай елінен келген төрт отбасынан 14 адам, Түркіменстаннан келген бір отбасынан үш адам өңірлік квотаға енгізілді. Сонымен қатар комиссия мүшелері қандас мәртебесін алған жалғызбасты Ресей елінен – төрт, Моңғолиядан – үш, Өзбекстан елінен – екі, Қытай елінен – бір, барлығы 10 қандасты өңірлік квотаға кіргізуге бірауыздан қолдап, шешім шығарды.
Қандастарды қабылдау өңірлік квотасына кірген қандастар жергілікті қалалар мен аудандардағы мансап орталықтарына барып, әр адамға мемлекет тарапынан берілетін қаражатты алу үшін құжаттарын тапсыра бастайды.