Павлодар облысында қызылша бойынша эпиджағдай қандай?
Облыста қызылшамен ауырған 638 жағдай тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде қызылша ауруының артуы 2023 жылдың шілде айында басталған. Ал өткен жылдың қазан айынан бастап айтарлықтай өсу байқалып, желтоқсан айында 359 жағдай тіркелді.
Географиялық тұрғыдан: облыс бойынша жалпы аурушаңдықтың 42%-ы Павлодар қаласында – 269 жағдай, Екібастұз қаласында 193 жағдай, Ақсу қаласында 100 жағдай. Ауылдық жерлерде ең көп ауру Баянауыл ауданында – 32 жағдай және Павлодар ауданында – 19 жағдай, Тереңкөл ауданы – 9, Железин ауданы – 6, Шарбақты және Успен аудандарының әрқайсысы – үш жағдайдан, Аққулы ауданында – екі жағдай, Май, Ақтоғай аудандарында – бір-бірден.
– Қызылшамен ауырғандардың негізгі үлесін балалар құрайды – 80% дерлік – 504 жағдай, оның ішінде 38% – 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар, 14,5% – 1 жасқа дейінгі балалар, – дейді департаментте.
Науқастардың вакцинация бойынша жағдайы: науқастардың 87%-ы екпе алмаған немесе екпе туралы ақпараты жоқ адамдар, ал 51%-ы екпеден бас тартуына байланысты егілмеген.
2023 жылдың қараша айынан бастап 6-10 айлық және 2-4 жастағы балалар мен 30 жасқа дейінгі бұрын вакцина алмаған барлық балалар үшін қосымша жаппай иммундау науқаны жүргізілуде. Осы уақытта SIA науқаны халықтың 50,4%-ын қамтыды.